DELUXE рекомендует


 

 

 

 

 

 

 

«Қазақстан Дауысы» музыкалық тележобасының қарапайым ән байқауларынан айырмашылығы — қатысушылардың тек дауысқа ғана сүйеніп бақ санайтындығы. Аталмыш байқау теміртаулық Тимур Омаров өмірінде маңызды орын алды. Жарты жылға созылған аса тартысты сайыста жерлесіміз бойындағы бар өнерін ортаға салды. Алай-да, ақтық мәреде жүлдегер атануға сәл ғана көрермендердің қолдауы жетпей қалып, екінші орын иеленді.

 

- Тимур, ел алдында алғаш рет қашан ән салдың?

- Әлі, есімде. Алғаш рет ел алдына алты жасымда шықтым. Орындаған әнім барлығымызға танымал халық әні  «Астапурай».

- Бағыңды сынап, жобаға қатысуына кім түрткі болды?

- «Қазақстан дауысы» байқауын теледидардағы жарнамадан көріп, қатысуға тәуекел еттім.  Кастинг Астанада өтті. Адам саны өте көп. Басқалар сияқты терлеп-тепшіп кезекке тұрып, әнімді іштей қайталай бердім, қобалжыдым. Дегенмен, іштей бір сезім кернеді мені, ол - өтемін деген сенім. Сәтті орындап шыққан соң, қазылар алқасы Алматыға жолдама берді. Жобаға қатысуға ықпал еткен адам — әкем. Ол: «Балам, әрбір байқауға қатыса бер. Түбінде арманың орындалар!» деп кеңес берді. Арманымның орындалуына әкемнің осы сөзі әсер етті. 

- Байқауға барар алдында  «қай тәлімгер бірінші бұрылса соның тобына өтемін» деген ой болды ма?

- Шыны керек, басында ондай ой болды. Бірақ, жүрегімнен шыққан, бала кезімнен әндерін тыңдап өскен ол - Алмас Кішкенбаев еді. Тәлімгерлердің ішіндегі менің бағытыма келетін бірден-бір адам сол кісі. Таңдаудан қателескен жоқпын деп ойлаймын.

- Ал, «бірігіп жұмыс жасайық» деп ұсыныс жасағандар болды ма? Мысалға, Лұқпан Жолдасов: «Тимур әнді бүкіл жан дүниесімен орындайды, сахнада өзін жақсы ұстайды»,-деп жақсы баға бергенін білеміз.

- Бес-алты ұсыныс түсті. Бірақ, оның барлығын Алмас ағаның ұсынысынан кейін қараймын.

- Ақтық сынға жетемін деген сенім болды ма?

Болды. Бірінші турда-ақ өзімнің финалға шығатыныма сенімді болдым. Әндеріммен халықтың құрмет-қошеметіне бөліндім. Бір тылсым күшке сендім. Адамның ниеті таза болса, жолы болады.

- Енді міне, «Қазақстан дауысы» секілді жоғары деңгейдегі жобаның финалисі болып отырсың…

- Иә, бір белесті бағындырғаныма қатты қуандым. Әрине, халықтың арқасында. «Қазақстан дауысы» жобасына ең алғаш келіп, Алмас Кішкенбаевтің тобына қосылғанымның өзі мен үшін үлкен жеңіс болатын. Содан бері, әр кезеңге өткенімді үлкен жетістікке баладым. Бұл тек менің жеңісім емес, бұл — Алмас ағаның да жеңісі. 

- Шахаризат Сейдахметовтың жеңісін мойындайсың ба? Ғаламтор беттерінде: «әділ өтпеді» деген пікірлер жетіп артылады. Әлі күнгі дейін дау-дамай жалғасып келеді.

- Мойындаймын. Бір шаңырақ астында тұрдық. Ол кісі менің ағам сияқты болып кетті. Әлі күнге дейін бауырлық қарым-қатынастамыз. Шахаризат – өз ісінің шебері деп те айта аламын.

- 5 миллион теңге саған бұйырса қайда жұмсар едің?

- 5 миллион теңге маған бұйырса жарық дүние сыйлаған анамды Меккеге қажылық сапарға апарар едім. Ол жалғыз менің ғана емес, барша мұсылман қауымының арманы. «Анаңды меккеге үш арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың» деген дана қазақ халқы. Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын төге жүріп, бізді өсірген анаңа қолыңнан келгеніңнің бәрін істесең де, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана. Өз парызыңды өтеу, бұл – ана алдындағы парызды өтеу деп санаймын.

- Бос уақытыңды қалай өткізесің?

- Мен  үшін салауатты өмір салты маңызды. Әлемдегі №1 спорт түрі футбол екені барлығымызға аян. Бос уақытымда достарыммен бірге футбол ойнағанды ұнатамын. Футболдан бөлек, тенниске де біршама жақынмын. Меніңше, спорт денсаулық үшін  әркімнің өмірінде де міндетті түрде орын алуға тиіс.

- Қызың бар ма? Тимурдың жүрегінен ойып тұрып орын алу үшін қыздар қандай талаптарға сай болу керек?

- Болашақ өмірлік жарымның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбетінің үйлесімділік тапқанын қалаймын. Сонымен қатар, жарымның жүрегінде иманы болғанын және де ақылды, тәрбиелі болуына  басты назар аударамын.

Сұхбатыңа рақмет, Тимур. Қарағандының атын асқақтата бер! Жас қанатың талмай, биіктерге самғай бер!

текст: Мерей Калискаров

 

Добавить комментарий

CAPTCHA на основе изображений
Введите код с картинки

 

 

 

 

Новый номер

Яндекс.Метрика